Шымкентте 430 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған: іс сотқа жолданды

Тенге, деньги, коррупция, взятка, взятки, деньги в конверте, конверт с деньгами, коррумпированность, коррупционер, коррупционные схемы, взяточничество , сурет - Zakon.kz жаңалық 16.04.2026 09:51 Фото: Zakon.kz
Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті интенсивті алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.

Аталған жоба "Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, оны қаржыландыру "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы жүргізілген. Бағдарламаның негізгі мақсаты – инфрақұрылымы дайын ауыл шаруашылығы жерлерін кәсіпкерлік субъектілеріне лизингке беру болған.

Тергеу мәліметінше, Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаров өзіне байланысты тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарды, соның ішінде "Green Mart Kazakhstan" ЖШС-ін тарта отырып, бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Анықталғандай, тауарлар мен қызметтерді сатып алу заң талаптарын бұза отырып, негізінен бір көзден жүзеге асырылған. Нәтижесінде бәсекелестік орта сақталмай, жабдықтар мен материалдардың, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының құны жасанды түрде қымбаттатылған. Сонымен қатар, жоспарланған жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.

Соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, олардың негізінде бюджет қаражаты аударылған. Салдарынан мемлекетке 430 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау аясында бөлінген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу фактілері де анықталды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар арқылы бақтарды дамыту мен шығындарды өтеуге субсидия алуға өтінімдер берілген.

Нәтижесінде кооперативтердің шоттарына жалпы сомасы 327 млн теңгеден астам қаражат түскен. Алайда оның тек шамамен 20 пайызы ғана мақсатқа жұмсалып, қалған 250 млн теңгеден астам қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған.

Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын, құны 1 млрд теңгеден асатын жер телімдеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен "Green Mart Kazakhstan" ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 4 автокөлік тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы мен Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін әр адам кінәсіз деп есептеледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: