Маңғыстауда синтетикалық есірткі таратумен айналысқан екі күдікті ұсталды
Фото: Zakon.kz
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Түпқараған аудандық полиция бөлімінің мамандарымен бірлесіп, Ақшұқыр ауылы аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтау және таратумен айналысқан екі күдіктіні ұстады.
Тінту кезінде күдіктілердің бірінен мефедрон түріндегі синтетикалық есірткінің 120 орамы тәркіленді. Сондай-ақ олар жалдамалы пәтерде тұрғаны анықталып, сол жерден қосымша 107 орама, бірнеше пакетке салынған есірткі заттары, электронды таразылар, изолента және есірткі қаптауға арналған өзге де құралдар табылып, алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 200 грамнан асқан.
Тергеу барысында күдіктілердің басқа өңірден Маңғыстау облысына келіп, интернет-мессенджер арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенінің ұйымдастырушысының нұсқауымен заңсыз таратумен айналысқаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.