Алматыда есірткіні сақтап және бөлшектеп таратуға арналған орын жойылды
Фото: Zakon.kz
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, оның жеке басы мен тұрғылықты мекенжайы тексерілді. Тінту кезінде каннабис сығындысы, марихуана және гашиш тәрізді есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар электронды таразылар, вакуумды қаптау құрылғылары және буып-түю материалдары анықталды. Бұл деректер аталған заттардың бөлшектеп оралып, заңсыз таратуға дайындалғанын көрсетеді.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы үш килограмнан асты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта есірткінің жеткізілу арналары мен ықтимал байланыстарын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батуржан Абдумасаровтың айтуынша, ірі көлемдегі есірткі партиясы заңсыз айналымнан алынған.
"Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі есірткі заттары тәркіленді. Арнайы буып-түю құралдарының табылуы олардың таратылуға дайындалғанын дәлелдейді. Мұндай фактілер ерекше бақылауда. Есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әрбір құқық бұзушылық бойынша жазаның бұлтартпау қағидаты қамтамасыз етіледі", — деді ол.