Ақтөбеде мемлекеттік грант алып беремін деген желеумен 400 мың теңгені иемденген күдікті анықталды
Фото: Zakon.kz
Жәбірленушінің айтуынша, биылғы сәуір айында қаладағы кофеханалардың бірінде танысы мемлекеттік бағдарлама аясында грант алып беруге көмектесетінін айтып, бұл қызметі үшін ақшалай сыйақы талап еткен.
Уәдеге сенген азамат оған 400 мың теңге берген. Алайда уәде етілген қызмет көрсетілмей, берілген қаражат қайтарылмаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 32 жастағы күдіктіні анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол алынған ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсаған.
Аталған дерек бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция ескертеді: Мемлекеттік гранттарды, субсидияларды немесе өзге де мемлекеттік қолдау шараларын ақшаға "реттеп беремін", "кепілдікпен алып беремін" деген уәделерге сенуге болмайды.
Мемлекеттік гранттар заңнамада белгіленген тәртіппен, тек уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы беріледі. Егер сізге мемлекеттік қызметтерді немесе гранттарды рәсімдеуге көмектесу үшін ақша талап етілсе, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.