Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады
Сурет: akorda.kz
Министрдің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы бес айында тіркелген қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар негізгі құқықбұзушылық түрлері бойынша да азаю үрдісі байқалып, қылмысты ашу деңгейі артқан.
Ведомство алдын алу шараларын күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударып отыр. Есепті кезеңде бұрын жасалған 1685 қылмыс ашылған.
Сондай-ақ іздеуде жүрген 574 қылмыскер ұсталып, олардың 89-ы шетел аумағынан экстрадицияланған немесе табылған.
Министр киберқылмыс, есірткі қылмысы, ұйымдасқан қылмыс және экстремизмге қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан кешенді шаралар туралы да баяндады. Бұл бағытта халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасып келеді.
Президент құқықтық тәртіпті күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін "Заң мен тәртіп" қағидатын жүйелі түрде іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.