Астанада полиция аса ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісін әшкереледі
Фото: Zakon.kz
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзін сенімді іскер серіктес ретінде таныстырып, тауар сатып алу және жеткізу бойынша тиімді ұсыныс жасаған. Осылайша ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, алдын ала төлем ретінде ірі көлемде ақша алған.
Алайда күдікті өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Ол тауарды жеткізбей, алдау жолымен иемденген қаражатты жеке қажетіне жұмсаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 70 миллион теңгені құрады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция азаматтарды ірі көлемдегі қаржылық мәмілелер жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады.
Әсіресе алдын ала төлем талап етілген жағдайда серіктестің заңды мәртебесін, іскерлік беделін және құжаттарының дұрыстығын мұқият тексеру қажет. Естеріңізге сала кетейік, алаяқтар көбіне жылдам табыс табу, тиімді баға немесе шұғыл жеткізу сияқты уәделерді пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіреді.