Балабақша меңгерушісінің ұлы ұйықтап жатқан балаға кеңсе пышағымен шабуыл жасаған: оқиға немен аяқталды
Фото: Zakon.kz
Lada.kz басылымының мәліметінше, Маңғыстау облыстық білім басқармасы "Жауқазын" балабақшасында тексеру жүргізіп, меңгерушінің ұлы мен тәрбиеленушілердің бірі арасында болған оқиға расталған.
Басқарма мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 20 сәуірде тынығу сағаты кезінде балабақша меңгерушісінің ұлы "Көгершін" ересек тобына кіріп, ұйықтап жатқан балаларды оятқан. Кейін ол тәрбиеленушілердің біріне кеңсе пышағымен жарақат салған.
Оқиға кезінде топта тәрбиеші де, тәрбиешінің көмекшісі де болмаған.
"Топ тәрбиешісінен түсініктеме алынды. Сонымен қатар заңнама талаптарының бұзылуы мен жұмыстағы кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді", – деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Осы оқиғадан кейін Қарақия аудандық білім бөлімі балабақша меңгерушісімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарды.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін балабақша меңгерушісі мен топ тәрбиешісі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған бапқа сәйкес, оларға 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) көлемінде айыппұл салынған.
Айта кетейік, бұған дейін осы балабақша меңгерушісінің күйеуі балабақша дәретханасына жасырын бейнекамера орнатқаны туралы ақпарат тараған болатын.