Алматы облысындағы аудандардың бірінде төтенше жағдай жарияланды

Алматы облысындағы аудандардың бірінде төтенше жағдай жарияланды, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.07.2026 13:37 Сурет: Instagram/qarasai_akimdigi
Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылғы 2 шілдеде сағат 06:50 шамасында Жанатұрмыс ауылындағы "Ақсай карьері" ЖШС аумағында Ақсай өзенінің арнасы шайылып, карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылған.

Оқиға салдарынан тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді.

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта жедел жағдай толық бақылауда және тұрақты.

Инженерлік жұмыстарды жүргізу және салдарын жою мақсатында Алматы облысының әкімдігі, Алматы облысы мен Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменттері бірлесіп 77 маман мен 14 техникадан құралған жедел штаб құрды.

Осыған байланысты Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Билік өкілдері тұрғындарды сабыр сақтап, ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.

Еске салайық, 1 шілдеде нөсер жауыннан кейін Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау өзендері арнасынан асып, су деңгейі күрт көтерілді. Түрген өзенінде су тасып, демалыс орындарын су басу қаупіне байланысты туристер шұғыл эвакуацияланды. Сондай-ақ, шайылып кету қаупіне байланысты Түрген өзені арқылы өтетін көпір жабылып, Қаскелең шатқалындағы көпірді өзен ағыны қиратып кеткен болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: