Астанада мас күйде жол апатын жасады деген күдікпен боксшы Данияр Елеусінов тексеріліп жатыр

Астанада мас күйде жол апатын жасады деген күдікпен боксшы Данияр Елеусінов тексеріліп жатыр, сурет - Zakon.kz жаңалық 09.07.2026 09:56 Сурет: Instagram/yeleussinovdaniyar
9 шілде күні таңертең Астанада болған жол-көлік оқиғасына (ЖКО) 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Instagram желісіндегі Dictatura Zakona парақшасының мәліметінше, Нұра ауданында Төле би мен Халифа бен Заид әл-Нахаян көшелерінің қиылысында (Хан Шатыр СОО маңы) үш автокөліктің қатысуымен жол апаты болған. Оқиғаға кінәлі деп танылған Toyota Land Cruiser жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған.

Жарияланған ақпаратта іздестіру барысында аталған көлік Достық көшесінде, Хан Шатыр сауда орталығының маңында тоқтатылғаны, рөлде 1991 жылы туған Данияр Маратұлы Елеусінов болғаны және оның алкогольдік масаңдық белгілері байқалғаны айтылған.

Астана қалалық Полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"Астанада бірнеше автокөлік зақымданған екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған көлік Достық көшесінде полиция қызметкерлерімен анықталып, тоқтатылды. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған", – деп мәлімдеді ведомство.

Полицияның мәліметінше, жол апаттарынан зардап шеккендер жоқ.

"Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. "Заң және тәртіп" қағидаты өзгермейді: жауапкершілік адамның танымалдығына, кәсібіне, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан әрбір адам заң аясында жауап береді", – деп толықтырды полиция.

Айта кетейік, соңғы уақытта қазақстандық боксшылардың қатысуымен болған даулы оқиғалар аз емес. Бұған дейін қазақстандық боксшы, жаттықтырушы әрі ММА спортшысы Мұхит Амантаев IBA Nomad турнирі алдындағы сөзінде бейәдеп сөз айтқаны үшін айыппұл арқалаған еді. Сондай-ақ әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов жұбайын қатыгездікпен ұрды деген айыпқа ілінген болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: