Алматыда "тар жолға сыймай қалған" автобус үш көлікті арықтан асырып жіберді
Сурет: Zakon.kz
Куәгерлердің айтуынша, №32 бағыттағы автобус Науай көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, Біржан көшесіне жетпей жол жиегінде тұрған Hyundai Elantra көлігіне соғылған.
Қатты соққыдан Hyundai Elantra алдында тұрған Volkswagen Golf көлігіне соқтығысқан. Ал екі көлік өз кезегінде Lada 2111 автокөлігіне тиіп кеткен.
Соққының күші соншалық, автобус үш көлікті де жол жиегінен арықтың арғы бетіне ығыстырып жіберген.
Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Автобус жолаушыларына медициналық көмек қажет болмаған. Ал жол жиегінде тұрған көліктердің ішінде ешкім болмаған.
Автобус жүргізушісі болған жағдайды қысқаша: "Жол тар болды. Сыймай қалдым", – деп түсіндірді.
Бұған дейін Алматыда түнде екі жүк көлігі соқтығысып, тұрғын үй аумағына кіріп кете жаздағанын жазғанбыз.



