Алматыда түнде екі жүк көлігі соқтығысып, тұрғын үй аумағына кіріп кете жаздады
Сурет: Zakon.kz
Алдын ала мәлімет бойынша, Howo жүргізушісі Шығыс айналма жолымен келе жатқан. Ал ЗиЛ жүргізушісінің айтуынша, ол осы жолмен жүріп келе жатып, жол жиегіндегі ағаштарды суарып жүрген. Оның сөзінше, Брянская көшесінен төменірек жерде Howo келіп, көлігіне соғылған.
Алайда Howo жүргізушісі оқиғаның басқаша болғанын айтады. Оның айтуынша, ЗиЛ Шығыс айналма жолымен келе жатқан жоқ, Брянская көшесінен негізгі жолға шығып кеткен. Ол жүк көлігі кенеттен жолға шыққандықтан, тежеп немесе бағытын өзгертіп үлгермей, ЗиЛ-ге соғылған.
Соққының қатты болғаны соншалық, ЗиЛ жүк көлігінің алдыңғы жүріс бөлігі жұлынып кеткен. Қақтығыс кезінде Howo жүк көлігінің алдыңғы оң жақ дөңгелегі жарылып, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Осыдан кейін ЗиЛ жол жиегіндегі шағын тротуарға шығып кеткен. Кейін Howo да ЗиЛ-дің соңынан тротуарға шығып, жол бойындағы арықтардан асып өтіп, бұталар мен ағаштарды қағып өткен. Артынша ауыр жүк көлігі жекеменшік тұрғын үйге қарай бағыт алып, аулаға кіріп кете жаздаған.
Абырой болғанда, жүргізушінің жылдам әрекетінің арқасында көлік үйдің өзіне соғылмай, қоршаудың бір бөлігін және газ құбырларын ғана бүлдірген. Осыдан кейін жүк көлігі төмен қарай жүріп барып, тоқтаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Howo жүргізушісі жарақат алды. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер ауыр жарақат анықтамағандықтан, жүргізуші кейін қайтадан оқиға орнына оралған.
Ал ЗиЛ жүргізушісі зардап шеккен жоқ.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын полиция анықтап жатыр.
Бұған дейін Талдықорған маңында жол апаты болып үш адам таза тапқанын, тағы алтауы ауруханаға жеткізілгенін жазғанбыз.





