Гелендваген, Dodge RAM, Hyundai және төрт пәтер тәркіленді: Қазақстанда өсімқор миллиардер сотталды
Сурет: ЖИ көмегімен жасалды
Іс Қостанайда қаралды. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) 2026 жылғы 6 тамызда таратқан мәліметінше, ер адам заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қою арқылы қарыз беру ісін ұйымдастырған. Клиенттерді тарту үшін OLX пен Instagram платформаларында хабарландыру жариялаған.
"Ол азаматтардың қиын материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмайтынын пайдаланып, жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейінгі жоғары пайызбен қарыз берген. Бұл ретте нотариус куәландырған келісімшарттарда қарыз сомасы әдейі көтеріліп көрсетілген. Өйткені оған пайыздар, құжаттарды рәсімдеу шығындары және өзге де төлемдер алдын ала енгізілген", – деп хабарлады ҚМА.
Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, келісімшартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін оның 18 млн теңге төлеу міндеттемесін көздейтін тағы бір келісімшарт рәсімделген, алайда бұл құжат бойынша оған ақша берілмеген. Артынша сот шешімімен жәбірленушіден 26 млн теңге өндірілген.
"Заңсыз әрекет салдарынан 50-ден астам азамат көрінеу тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған", – деп атап өтті ҚМА.
Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 1 млрд теңгеден асты.
Сот үкімімен ер адам 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер телімі және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe автокөліктері тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Қазақстанда 140 мыңға жуық адамды медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу схемалары анықталған еді. Келтірілген залал көлемі 3,5 млрд теңгеден асты.