Павлодарда жыл басынан бері 6 мыңнан астам мас азамат жауапқа тартылды
Фото: pexels
Павлодар облысында "Заң және тәртіп" қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алкогольге қарсы заңнама талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені немесе масаң күйде жүргені үшін 6583 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Күн сайын "102" арнасына мас күйде жүрген азаматтар туралы тұрғындардан ондаған хабарлама келіп түседі.
Осындай хабарламалардың бірі бойынша Украинская көшесінде полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде алкогольдік масаң күйде ұйықтап жатқан ер адамды анықтады.
Тағы бір жағдайда Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі гараждардың маңынан жерде қатты масаң күйде жатқан азамат табылды. Екі жағдайда да азаматтар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.
Естерін жиғаннан кейін оларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Полиция қоғамдық орындарға мас күйде келу қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, адамның өз өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін еске салады.
Тәртіп талаптарын сақтау және өзара құрмет таныту – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі.