Түркістан облысында тауешкіге тап бергендер әкімшілік жауапқа тартылды
Сурет: pixabay
Бейнежазбада адамдардан үріккен тауешкі тау жартасының қуысына тығылып қалады. Қуыстан жүгіріп шыққан жануарға таяқпен соққы жасалған.
"Түркістан облысы Қозмолдақ ауылының тұрғындары баяғы замандағыдай жабайы жануарларды таяқпен және таспен ауламақ болған", – делінген 2026 жылғы 6 тамызда жарияланған бейнежазбаның сипаттамасында.
Бұл жағдайға Түркістан облысы Созақ ауданының әкімдігі дереу назар аударды.
Әкімдік мәліметінше, тау бөктерінде жүрген жасөспірімдер тауешкінің лағын кездестірген. Олар қызығушылық танытып, жануарды ұстап алуға әрекет жасаған.
Ведомство өкілдері жабайы жануарға зиян келмегенін мәлімдеді.
"Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға табиғат аясында жабайы жануарларға жақындамау, олардың табиғи тіршілігіне араласпау, қоршаған орта мен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарау қажеттігі жан-жақты түсіндірілді", – деп хабарлады Түркістан облысы Созақ ауданының әкімдігі.
12 тамызда Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының әкімшілігі де мәлімдеме жасап, аталған оқиғаға байланысты жүргізілген жұмыс туралы хабарлады.
Қорық қызметкерлері даулы бейнежазбадағы азаматтардың қорық аумағына кірмегенін анықтады. Оқиға Жыланды тауының етегінде болған.
"Оқиғаға қатысы бар Созақ ауданының үш тұрғыны анықталды. Олардан түсініктеме алынды. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізілді", – деп толықтырды қорықтың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ заңнама талаптарының бұзылуына байланысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданғаны айтылды.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы – Қазақстандағы ең жас қорық. Ол 2004 жылы құрылған. Мұнда сирек кездесетін жануарлар, соның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген Қаратау арқары мекендейді.
Бұған дейін тамыз айының басында Шығыс Қазақстанда қасқыр атуға рұқсат алған ер адамның жабайы қабанды заңсыз атып өлтіргені хабарланған еді.