Павлодарда әлеуметтік желідегі бейнежазбалар арқылы үш жүргізуші жауапқа тартылды
Сурет: Polisia.kz
Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Ертіс ауданында Mercedes көлігінің 23 жастағы жүргізушісі маневр жасау талаптарын бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Құқық бұзушылық әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазба арқылы анықталған.
Ал Екібастұзда Toyota Land Cruiser жүргізушісі қозғалыс бағытын өзгерту кезінде қауіпті маневр жасап, басқа көлік жүргізушілеріне кедергі келтіріп, авариялық жағдай туғызған. Полиция оның жеке басын анықтап, әкімшілік шара қолданды.
Сондай-ақ полицияға Павлодардағы Академик Марғұлан-Толстой көшелерінің қиылысындағы жол айырығында Lada көлігінің жүргізушісі ереже бұзғаны түсірілген бейнежазба келіп түскен. Жүргізуші өз әрекетімен жолдағы басқа да көлік жүргізушілерінің жылдамдығы мен бағытын өзгертуге мәжбүр еткен. Ол да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері облыста маневр жасау ережесін бұзған 3,5 мың жүргізуші және қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған 6 790 жүргізуші жауапқа тартылған. Ал жол апатын туғызған 500-ге жуық жүргізушіге әкімшілік шара қолданылған.
Полиция жүргізушілерді жол жағдайын ескеріп, маневр жасау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Қозғалыс бағытын немесе жолақты өзгертпес бұрын жүргізуші бұрылыс көрсеткішін алдын ала қосып, айналар арқылы жолдағы жағдайды бағалауы тиіс.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг тұрақты жалғасатынын атап өтті. Бейнежазба арқылы анықталған өрескел құқық бұзушылықтардың әрқайсысы назардан тыс қалмайды.