Алматының биік таулы бөлігінен адам сүйегі табылды
Сурет: Facebook/Анастасия Ахметова
Бұл туралы 2026 жылғы 18 тамызда Анастасия Ахметова Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, Беларусьтен келген қонақтар Алматы тауларына екі апталық сапарға шығып, оралғаннан кейін Северцов мұздығынан туристің сүйегін тапқандарын айтқан.
Марқұмның мұздықта ұзақ уақыт бойы жатқаны болжанып отыр.
"Беларусь туристері сапарға дайындық кезінде 2025 жылы осы бағытта болған ресейлік туристік топтың есебін оқыған. Онда мұздықта адам сүйегі жатқаны жазылып, суреті де жарияланған. Сондықтан олар мәйіт мұздықтан әлдеқашан алынып тасталды деп ойлаған", – деп жазды Анастасия.
Сондай-ақ Беларусь туристері сүйек табылған жерге жақын маңда басқа туристік топты кездестірген. Олар марқұмның рюкзагынан құжаттарын алып, Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырмақ болған.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі аталған ақпаратқа түсініктеме берді.
"19 тамызда ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" әуе кемесі Республикалық жедел-құтқару жасағының "Барыс" құтқарушыларымен және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандарымен бірге теңіз деңгейінен шамамен 4300 метр биіктікте орналасқан Северцов мұздығынан мәйітті түсіру жұмыстарын жүргізу үшін жолға шықты", – деп хабарлады ТЖД.
Құтқару жұмыстарына мұздықтың айтарлықтай биіктікте және жету қиын аумақта орналасуы, күрделі таулы жер бедері, тік беткейлер мен биік таудағы қатал жағдай кедергі келтіріп отыр.
"Мәйіт төменге түсірілгеннен кейін Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкерлеріне тапсырылады", – деп толықтырды ТЖД.
Бұдан кейінгі іс-қимыл тәртібі, оның ішінде оқиға орнына бару, тексеру жүргізу және тиісті деректер базасын қарау мәселелері полиция қызметкерлерімен келісіледі.
Редакция полицияға түсініктеме алу үшін сауал жолдады.
Бұған дейін, 18 тамызда құтқарушылар тауға шығатын азаматтарға үндеу жасап, жақындарына жай ғана "тауға кеттім" деп айтумен шектелмей, баратын нақты жері мен соңғы бағытын хабарлауды сұраған еді.