Қасым-Жомарт Тоқаев Бектеновті премьер-министр қызметіне қайта тағайындады
Фото: akorda.kz
Бүгін, 2026 жылғы 31 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновті Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне қайта тағайындады. Тиісті Жарлықты Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
"Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалсын", – делінген ресми құжатта.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Құрылтайдың кезекті отырысында Олжас Бектеновтің кандидатурасын премьер-министр лауазымына ұсынған еді. Президенттің ұсынысын "Әділет", "Ауыл", Respublica, "Ақ жол" және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракцияларының жетекшілері қолдады.
Кейін Құрылтай депутаттары Олжас Бектеновтің кандидатурасын мақұлдады. Дауыс беруге қатысқан 144 депутаттың 137-сі қолдап дауыс берсе, жетеуі қалыс қалды.
Олжас Абайұлы Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын "Заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласының Әділет басқармасында бөлімнің бас маманы болып бастады.
2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің Заң бөлімінде сарапшы және бас сарапшы қызметтерін атқарды. 2006-2009 жылдары Президент әкімшілігінде жұмыс істеді.
2009-2012 жылдары Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болды.
2012-2014 жылдары Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің Қаржы полициясы орталық аппаратындағы департаментті басқарды.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы және Президент әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментін басқарды. 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.
2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы сәуірге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.
2023 жылғы 3 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне кірісті.
II дәрежелі "Айбын" және II дәрежелі "Даңқ" ордендерімен марапатталған.