Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты
Фото: akorda.kz
Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
Бұған дейін Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейгендіктен 19 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткені хабарланған еді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тоғыз әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылған, олардың бірі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған министрлік комиссиясы шұғыл аттанды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ жедел-тергеу тобы құрылды.
Кейін Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылғаны белгілі болды. Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.