Дәрігерлер Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде аман қалған әскери қызметшінің жағдайына қатысты мәлімет ұсынды
Сурет: pixabay
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен әскери қызметшілердің бірі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.
"Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оған барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.Әскери қызметшінің қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда", делінген хабарламада.
Мамандар қажетті емдеу шараларын жалғастырып, науқастың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Жағдай Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
Бұған дейін Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейгендіктен 19 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткені хабарланған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тоғыз әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылған, олардың бірі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған министрлік комиссиясы шұғыл аттанды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу шаралары қолға алынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жедел-тергеу тобы құрылды.
Кейін Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылғаны белгілі болды. Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық етеді.
2026 жылдың 24 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Сондай Мемлекет басшысының өкімімен елімізде 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.