"Бейбіт күннің батырлары": Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды
Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырып, салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдіріп, құтқарушы мамандығының қоғам үшін маңызына тоқталды.
""Құтқарушы" сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. "Құтқару" – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға", – деді Президент.
Тоқаев құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы әрі мәртебелі қызмет екенін атап өтті. Сонымен бірге азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету кез келген адамның қолынан келе бермейтінін айтты.
"Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды", – деді Мемлекет басшысы.
Президент төтенше жағдай саласының қызметшілерін қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен кәсіби мамандар деп бағалады.
"Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы құтқарушылардың кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылатынын, өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігетінін атап өтті.
"Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын", – деді Президент.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript