Астанада балабақшада бір бала екіншісін темір орындықпен ұрған
Сурет: Zakon.kz
Бұл туралы әлеуметтік желіде зардап шеккен ұл баланың анасы жазды. Оның айтуынша, оқыс оқиға 2026 жылғы 15 қазанда болған. Әйел ұлын балабақшадан алып қайтуға келгенде, мектепке дейінгі ұйымның қызметкерлері шындықты жасыруға тырысып, баланың өзі жарақаттанғанын айтқан.
Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделегеннен кейін шындықтың беті ашылып, қорқынышты көрініс әшкере болды: қараусыз қалған балалар басқа бір балаға жабылып, ауыр затпен ұрған.
"Бір бала менің баламды темір орындықтың аяғымен бетінен төрт рет ұрған! Бұл жеңіл пластмасса емес, салмағы шамамен 2-3 келі болатын орындық. Бақытымызға орай, соққы тікелей көзіне тимеген, әйтпесе ұлым көзінен айырылып та қалуы мүмкін еді! Бұл сәтте олардың жанында не тәрбиеші, не басқа ересек қызметкер болмаған!", деп ашуланады астаналық ана.
Әйел ұлын дереу балабақшадан шығару үшін өтініш жазған. Алайда мекеме басшылығы әлі күнге дейін бір айлық, яғни 80 мың теңге көлеміндегі төлемді қайтармай, жауапкершілікті бір-біріне ысырып, тікелей байланыстан қашып жүрген көрінеді.
Анасы бейнежазбаның сақталатын 30 күндік мерзімі өтіп кетпесі үшін көпшілік алдында осының бәрін жайып салуға мәжбүр болғанын айтады.
Бұл оқиғаға қатысты елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
"Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнебақылау камераларынан жазбалар алынып, зерделенуде, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты тексеру жүргізілудей, деп хабарлады Zakon.kz тілшісіне 2026 жылғы 4 қарашада ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін Астанада балабақшада 1,5 жасар сәби ыстық сорпаға күйіп қалғанын жазғанбыз.