Астана-Петропавл тасжолында жаппай жол апаты болды: зардап шеккендердің арасында нәресте бар
Фото: Zakon.kz
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 2026 жылғы 7 қарашада автожолдың 312-шақырымында болған. Оқиға салдарынан Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады", – деп мәлімдеді полиция.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен жолаушылардың бірі – небәрі төрт күндік нәресте. Бұл туралы Instagram желісіндегі nayza_kokshe парақшасы хабарлады.
Болжам бойынша, апатқа тіркемесі ажырап кеткен жүк көлігі себеп болуы мүмкін. Тіркеме артында келе жатқан автокөлікке соғылған.
Айта кетейік, 8 қараша күні таңертең Алматы қаласы мен Алматы облысының шекарасындағы "Мәдениет" шағынауданында Аруана көшесінде Toyota Frontlander және Lada Priora автокөліктері бетпе-бет соқтығысқан. Жол апатынан көліктердегі барлық адам зардап шеккен.