Ақмола облысында полицейлер жазғы шинамен жолға шыққан 744-тен астам көлікті кері қайтарды

Ақмола облысында полицейлер жазғы шинамен жолға шыққан 744-тен астам көлікті кері қайтарды, сурет - Zakon.kz жаңалық 09.11.2026 11:32 Сурет: Instagram/aqmola_pd
Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер жазғы шинамен жолға шыққан 744-тен астам көлікті республикалық маңызы бар тасжолдардан кері қайтарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 9 қарашада облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Ауа райының нашарлауына байланысты Ақмола облысының полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар тасжолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу. 8–9 қарашада облыс аумағындағы бірнеше жол учаскесінде жазғы шина тағылған көліктердің қозғалысы уақытша шектелді. Атап айтқанда, мұндай шектеу Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар тасжолдарында қолданылды", – деп хабарлады департамент.

Сондай-ақ ауа райы мен жол жағдайына қарай республикалық тасжолдардың кей учаскелерінде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық төмендетілді.

"Полицейлер жазғы шина тағылған 744-тен астам көлікті кері қайтарып, олардың республикалық тасжолдармен әрі қарай жүруіне жол бермеді. Бұл шаралар жолда апатты жағдайлардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың барлығын қорғау үшін қабылданды", – делінген полиция хабарламасында.

Департаменттің мәліметінше, полицейлер жүргізушілерге жазғы шиналарды қысқысына дер кезінде ауыстыру және күн райы бұзылғанда қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін бұған дейін де бірнеше рет ескерткен.

"Ескертуге қарамастан, кейбір жүргізушілер қысқа дайындалмаған көлікпен тасжолға шығуын жалғастырған", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерді мына қауіпсіздік талаптарын сақтауға тағы да шақырды:

  • - жазғы шиналарды қысқысына дер кезінде ауыстыру;
  • - сапарды жоспарлағанда ауа райын ескеру;
  • - белгіленген жылдамдықтан аспау және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау.
"Жолға шығар алдында жолдың қазіргі жай-күйі мен қолданыстағы шектеулер туралы ақпаратты нақтылап алыңыздар. Күн райы бұзылғанда күнде жүріп жүрген жолдың өзі қауіпті болуы мүмкін", – деп ескертті полицейлер.

Бұған дейін жүргізушілерге 2026 жылғы 9 қарашада Қазақстанның төрт өңірінде, соның ішінде Ақмола облысында да қар аралас жаңбыр мен қар жауатыны туралы ескертілген еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: