Қазақстандық ер адам әуелі сотталып, кейін ақталған, артынша қайта түрмеге қамалған: ол не істеді

Қазақстандық ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталып, кейін ақталған. Алайда кассациялық сот ақтау үкімінің күшін жойған. 2026 жылғы 12 қарашада Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот істің мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 12.11.2026 12:57 Сурет: ЖИ көмегімен жасалған
Қазақстандық ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталып, кейін ақталған. Алайда кассациялық сот ақтау үкімінің күшін жойған. 2026 жылғы 12 қарашада Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот істің мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс материалдарына сәйкес, Өскеменде ер адам интернетте үй салу және пәтер жөндеу туралы хабарландырулар жариялаған.

"Ол құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға қажетті жұмыс күші мен материалдық-техникалық ресурстары болмаса да, азаматтармен мердігерлік шарттар жасасып, ақша алған. Уәдесін орындамай, бұрынғы тапсырыс берушілермен байланысын үзген. Соған қарамастан, жаңа клиенттерді іздеп, тартуды жалғастырған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз азамат жәбірленуші деп танылды", – деп хабарлады сот.

Бірінші сатыдағы сот ер адамды ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ жәбірленушілердің пайдасына 23 млн теңгеден астам материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім шығарған.

Ал апелляциялық саты үкімнің күшін жойып, оны ақтаған. Апелляциялық сот бұл әрекеттерді тапсырыс берушілер алдындағы азаматтық-құқықтық міндеттемелерді орындамау деп бағалаған.

"Кассациялық сот апелляциялық сатының дәлелдемелерге біржақты баға бергенін анықтады. Сотталушы бұрын алған міндеттемелерін орындамай, жеткілікті мамандары мен материалдық базасы болмаса да, жаңа шарттар жасасқан. Бұл мән-жайлар жиынтығында оның ақшаны жымқыру ниеті қаражатты алғанға дейін пайда болғанын растады.

Сотталған адамның кеңсесі, ЖШС-і, ЖК-сі, мөрі және жекелеген еңбек шарттарының болуы, сондай-ақ жұмыстардың ішінара орындалуы түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген әрі жәбірленушілер қаражатының едәуір бөлігінен айырылған жағдайда адал қызмет атқарып жатқандай көрініс жасау ретінде бағалануға тиіс. Бұл мән-жайлар оның азаматтардың кең ауқымының сеніміне кіру үшін өзін сенімді мердігер ретінде көрсетуге әдейі жағдай жасағанын аңғартады", – деген қорытындыға келді кассациялық сот.

Апелляциялық саты айыптау үкіміне негіз болған дәлелдемелерді жоққа шығара алмаған. Сондықтан кассациялық сот ақтау үкімінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Бұған дейін қазақстандық спортшы пәтеріне қатысты даумен кассациялық сотқа дейін жүгінуге мәжбүр болған еді. Оған жарыстағы жетістігі үшін пәтер беріліп, кейін оны қайтарып алу туралы шешім қабылданған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: