Қамауға алынған "Самұрық-Қазына" басшысы Су спорты түрлері федерациясының президенті болып қала береді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Журналистер Қазақстандағы бірқатар кәсіби спорт түрі "Самұрық-Қазына" қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатынын еске салып, қор басшысының қамауға алынуы қаржыландыруға әсер ете ме деп сұрады.
"Самұрық-Қазына" қорының жұмысы қалыпты жүріп жатыр, жеткізушілер алдындағы барлық міндеттеме орындалып отыр. Тергеу аяқталғанша ол (қор басшысы – ред.) федерация президенті болып қала береді. Шешімді тергеу аяқталғаннан кейін қабылдаймыз", – деді Ербол Мырзабосынов.
Нұрлан Жақыпов 2025 жылғы наурыздан бері Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясын басқарып келеді.
2026 жылғы 18 қарашада ҰҚК сот шешімімен "Самұрық-Қазына" АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің қамауға алынғанын хабарлады.
Екі компания басшысының ұсталғаны 12 қарашада белгілі болды. ҰҚК мәліметінше, оларға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтірілген. Кейін "Самұрық-Қазына" қоры холдинг пен оның құрамындағы компаниялар жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. "Бұл – мемлекеттік компанияларда ауқымды сыбайлас жемқорлық барын көрсететін аса маңызды белгі", – деді Мемлекет басшысы. Тоқаев 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлықты күрт азайтуға бағытталған шараларды ұсынуды тапсырды.