Павлодар облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан топтың қылмыстық әрекеті әшкереленді
Фото: freepik
Топ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, азаматтардың қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған келісілген схема бойынша әрекет еткен.
"Полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстады. Бүгінде тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңгені құрайды", – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Бұл ретте құқық қорғау органдары қылмыс эпизодтары мен жәбірленушілер санының артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық мән-жайын, күдіктілердің әрқайсысының рөлін, сондай-ақ ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция цифрлық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ осындай схемаларды ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жұмысты жалғастырады. Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін жолын кесу жұмыстары полицияның ерекше бақылауында.
Полиция азаматтарды интернет арқылы қаржылық операциялар жасау кезінде қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және бөгде адамдарға жеке деректерін, банк реквизиттері мен SMS-кодтарын бермеуге шақырады. Жалпы, есепті кезеңде өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 фактісі тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31% төмен.
Мәселен, жедел қызметкерлер SIM-карталарды заңсыз іске қосуға және ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар адамдарды ұстады. Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 абоненттік SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді. Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен шамамен 33 күдікті ұсталды, олардың ішінде үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар.