"Қазатомөнеркәсіптің" тағы бір басшысы қызметінен кетті
Сурет: kazatomprom.kz
Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов 2026 жылғы 26 қарашада өз еркімен қызметінен кеткен.
"Дархан Сағындықовтың өтініші негізінде және корпоративтік рәсімдерге сәйкес, компанияның директорлар кеңесі оның басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты", – делінген "Қазатомөнеркәсіптің" хабарламасында.
Дархан Сағындықов 1985 жылы туған. Ол М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын, Қазақ спорт және туризм академиясын, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы "Самұрық-Қазына" корпоративтік университеті" жеке мекемесінде бастаған. Ол "Самұрық-Қазына" АҚ-ның сатып алуды ұйымдастыру департаментінде аутсорсинг секторының менеджері болып жұмыс істеген.
2011–2022 жылдары "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС-де, "Самұрық-Қазына", "Самұрық-Энерго" және "Кедентранссервис" акционерлік қоғамдарында түрлі қызмет атқарған.
Осы кезеңде ол сатып алуды бақылау және талдау департаментінде және ақпараттық мониторинг департаментінде бас менеджер болған. Сатып алу әдіснамасы және мониторингі департаментінде (қазақстандық қамту департаменті) менеджер болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ коммерция департаментін және сатып алу бағаларының мониторингі мен маркетингі департаментін басқарған. Қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директор (CEO-1), басқарма төрағасының кеңесшісі және сатып алу және жабдықтау департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы қазанға дейін Дархан Сағындықов KMG International ("Ромпетрол") компаниялар тобының сатып алу жөніндегі директоры (Group Procurement Director) қызметін атқарды.
2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы ақпанға дейін "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ әкімшілігінің аппаратын басқарды.
2024 жылғы наурыздан бастап "Қазатомөнеркәсіптің" сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры қызметін атқарды.
2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Қазатомөнеркәсіп" басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдарды ұстады. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған делінетін сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді.
"Қазатомөнеркәсіп" – уранды, сирек металдарды және атом электр станцияларына арналған ядролық отынды импорттау және экспорттау жөніндегі Қазақстанның ұлттық операторы. Қазақстан 2009 жылдан бері табиғи уран өндіруден әлемде бірінші орында келеді.
