Елордалық полицейлер өрттен зардап шеккен құтқарушылар үшін шұғыл қан тапсырды
Астана қаласы Полиция департаментінің полицейлері бірінші болып үн қатып, арнайы шараға өз үлестерін қосты.
Тәртіп сақшылары әрқашан көмектесуге дайын және олар тапсырған қан адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп үміттенеді.
Айта кетсек, 16 қарашада "КаҺарман" тұрғын үй кешенінің 11-қабаттағы пәтері отқа оранды. Өртенген пәтерде адамдар болған. Өрт сөндірушілер бес адамды, соның ішінде бір баланы құтқарып, одан бөлек тағы 10 адамды эвакуациялады.
17 қарашада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жансақтау бөлімінде жатқаны, жағдайы өте ауыр екені белгілі болды. Ол 3 дәрежелі күйік алды.
Өрт сөндіру кезінде ТЖМ-ның тағы бір қызметкері, №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіров те зардап шекті. Оның жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланады.
Бүгін, 17 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада отқа оранған көпқабатты тұрғын үйден бірнеше адамды аман-есен алып шығып, ерекше ерлік танытқан елордалық өрт сөндірушілерді мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.