Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, біртұтас компания құруды тапсырды

автожол, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.07.2022 12:23 Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында автожол инфрақұрылымын дамыту туралы да айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Дегенмен президент елдегі жолдардың сапасы сын көтермейтінін, бұл салада жемқорлық жайлағанын айтты.

Жөндеуді созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Қазақстанда жол құрылысына қажет материалдың бәрі бар. Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады.Мемлекет басшысы

Президент айтқан дереккке сұйенсек, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Осы ретте Тоқаев үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырды. Оның сөзінше, соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек.

Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40%-ын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Бірақ отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек. Кей ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурсы жеткіліксіз. Соған қарамастан олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар.Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір өзекті мәселе – жол бойында заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіруге тоқталды.

Қазір елімізде осындай 1600 нысан бар. Оның 68%-ы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент автожол саласы туралы да сөз қозғап, бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жеткенін хабарлады. Тоқаев үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды. Оның айтуынша, осылайша қызметкерлердің артық саны да қысқарады.

Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажет шамадан артық. Соған қарамастан азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады. Жалпы бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек. FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында жарты жыл ішінде жол саласына қатысты барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды.

Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн. Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, маған баяндау қажет.Мемлекет басшысы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: