Астана қалалық сотының сайтын әлдекімдер "бұзып", жалған ақпарат жариялаған
Баспасөз қызметі жарияланған бұл ақпараттың жаңсақ екенін айтады.
Айта кетсек, бұған дейін сайтта сотталушыға қатысты үкім өзгеріссіз қалғаны туралы ақпарат пайда болған болатын.
2023 жылы 4 мамырда Астанада бизнесмен Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Мәди Батыршаевқа жеті жыл, Рашид Өтебековке 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының экс-жұбайы Гүлмира Сатыбалды 2022 жылдың 16 наурызында ұсталды. Антикор қылмыстық істі "Қазақтелеком" АҚ-тың қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша тергеді.
2023 жылдың 11 қаңтарында Гүлмира Сатыбалды адам ұрлады және заңды белден басып, өз бетімен әрекет етті деп айыпталғаны белгілі болды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол сусындар шығаратын ірі компаниялардың акцияларын тартып алуға тырысқан. Бизнесті рейдерлік жолмен басып алу бойынша екі кәсіпкерден шағым түсті. Келтірілген залал сомасы 6 млрд теңгеден асады.
Негізгі сот талқысы 14 наурызда Астана қаласының Байқоңыр ауданының №2 сотында болды. Сотталушы тағы екі адам бар: Гүлмира Сатыбалдының жүргізушісі және адам ұрлауды орындаушы. Жәбірленушілер - белгілі кәсіпкер және "Galanz bottlers" АҚ-тың негізін қалаушы Тұрсенғали Алагузов және "Maxi Bottlers" ЖШС-ның бұрынғы қожайыны Айгүл Мекешева. Гүлмира Сатыбалды өз кінәсін мойындамады, ал қалған екі фигурант – өз бетімен әрекет етті және адам ұрлады деп айыпталған Мәди Батыршаев пен адам ұрлады деп айыпталған Рашид Өтебеков ішінара кінәсін мойындады.
10 сәуірде сотталушы Гүлмира Сатыбалды мен ұрланған адамның бірі – Айгүл Мекешева арасында медиативтік келісімге қол жеткізілді.
21 сәуірде Айгүл Мекешеваның ұрлануы эпизоды бойынша сұрақтарға жауап бере отырып, Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған қылмыстар бойынша өз кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді.
25 сәуірде айыптаушы тарап Гүлмира Сатыбалдының мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор Қайраттың бұрынғы жұбайын ҚР ҚК-нің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі және 125-баптың 2-бөлігі,1, 8-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады. Сондай-ақ Президентке мемлекеттік награда - "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізу де талап етілді. Мәди Батыршаев үшін айыптаушы тарап мүлкін тәркілеусіз жеті жыл алты ай бас бостандығынан айыруды, ал Рашид Өтебеков үшін мүлкін тәркілеусіз жеті жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.