Астананың дәмханаларын ит етімен қамсыздандырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты
"26 маусымда Шортанды ауданы сотының үкімімен ер адамға қатысты 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл 690 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда ер адам осы айыппұлды төледі", - делінген polisia.kz сайтында.
Полицейлер жануарларға қатыгездік танытуға және оларды заңсыз атуға заңмен тыйым салынатынын тағы бір мәрте еске салады.
Ақмола облысы Шортанды ауданы Дамса ауылының 41 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ҚК 316-бабы ("Жануарларға қатыгездікпен қарау") бойынша қылмыстық іс 2023 жылы 20 ақпанда тіркелді. Ер адам қаңғыбас иттерді ұстап алып, оларды сойып, етін сатып отырғаны белгілі болды. Тінту кезінде оның үйінен 750 келі ит еті табылды.
Астанадағы дәмханалардың бірі бұрын осы адамнан 150 келіге жуық ет сатып алғанын, ол үшін 100 мың теңгеден астам ақша төлегенін айтты.
Полицейлер ер адамның бұрын ветеринария саласында жұмыс істегенін және иттерді қалай атуға болатынын білгенін анықтады. Тәртіп сақшыларының тінту барысында қаскөйден "аделин-супер" препаратының 26 оғы, одан бөлек 190 дәрі оқ салынған 19 қорап, 11 қызғылт түсті оқ-дәрі, бір көк түсті оқ-дәрі, ине салынған шприц табылып, оның барлығы сот өткеннен кейін жойылды.
Сурет: polisia.kz
Қазақстандағы жануарларды қорғау қауымдастығының волонтерлары ірі мөлшердегі ит етін сататын саудагердің ізіне түсті. Тұтынушы ретінде олар Ақмола облысындағы ит аулағышпен сөйлесіп, бизнестің егжей-тегжейінен әбден қаныққан. Әңгіменің бір бөлігі қауымдастықтың Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
Сурет: polisia.kz
Ер адам өзін Станислав деп таныстырып, ірі мөлшерде ет сатушы екенін мақтанышпен жеткізген. Сонымен қатар, олар Қарағандыдан да, Қызылордадан да тапсырыстар түсіп жатқанын айтады. Ал елорда нарығы түгелімен оған тиесілі көрінеді. Волонтерлар мен полицейлер ер адамды ұстады, бірақ сұрақ-жауап алғаннан кейін оны ешқайда кетпеу қолхаты бойынша үйіне босатты.