Сібір жарасын жұқтырған мал еті сатылып жатыр: АШМ аталған ақпаратты жоққа шығарды
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында халық арасында сібір жарасының терідегі түрі тіркелгенін хабарлайды. Алайда барлық науқастар медициналық қызметкерлердің бақылауына алынды, клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр.
"Ауылға 1,7 мыңнан астам доза вакцина және 900 000 мл дезинфекциялау құралдары, сондай-ақ ошақты тексеру және жою үшін қажетті барлық арнайы техника жеткізілді. Cібір жарасын жұқтырған ет өнімдері қазақстандық сауда сөрелеріне түскені туралы желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақмола облысының Қосшы қаласында сібір жарасы ошақтарының болуы туралы хабарлама да жалған", делінген ведомство хабарламасында.
Аудандық полиция бөлімі ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуді шектейтін блок бекеттер қойып, карантин жариялады.
"Үшқарасу" ЖШС мал шаруашылығы кәсіпорнының директорынан малдың қырылғаны туралы хабарлама 28 тамызда келіп түсті. Ет жедел түрде тәркіленіп, өлген мал жойылды, деп сендіреді АШМ.
"Қазір Жарқайың ауданында СЭҚ, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, сондай-ақ ветеринария басқармасы қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы бар. Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жүргізілді, әрі қарай зерттеу үшін топырақ пен жер асты суларының сынамалары алынды. Жергілікті жерде "Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ" РММ-нің 9 маманы жұмыс істеп жатыр". ҚР АШМ
Құзырлы ведомство залалды бағалау және аурудан өлген мал үшін өтемақы төлеу жөніндегі арнайы комиссия құрылғанын, мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын нақтылайды.