Әкімдер заңнаманы қаншалықты сақтайды - құзыретті орган өңір басшыларын біртіндеп тексерді
Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Әдеп жөніндегі комиссиясының кезекті отырысынан белгілі болды.
"Әдеп жөніндегі комиссия отырысында Қарағанды қаласының және Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралды. Тексеру барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан сынға себеп болғандығы анықталды. Анықталған фактілер негізінде Комиссия "ескерту" түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды",- делінген ақпаратта.
Бұдан басқа, Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты тәртіптік істі қарау кезінде құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуге қатысты жер қатынастары саласындағы бұзушылықтарға, сондай-ақ тиісті бақылаудың болмауынан жер қатынастары саласындағы жүйелі бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
"Бұл әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде сараланды, осылайша оны атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды",- деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ, агенттік дерегінше, ағымдағы жылдың басынан бастап 497 тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 6 935 бұзушылық анықталды.
"Талдау нәтижелері, мемлекеттік органдар лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық рәсімдер жүргізу және т.б. кезінде бұзушылықтарға жол берілетінін көрсетті. Бұл ретте Ақтөбе және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында конкурс рәсімдерін жиі бұзуға жол берілген".ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Тәртіптік тәжірибедегі бұзушылықтардың ішінде қызметкер бұзушылық фактілерімен келіспесе де, қызметкерлерді қызметтік тергеу жүргізбестен тәртіптік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды. Кейбір жағдайларда қызметкерлер тәртіптік комиссияның отырыстары туралы хабардар етілмеген. Бұл олардың өзін қорғау мүмкіндігін шектеп, құқығын бұзады.
Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану кезіндегі бұзушылықтардың басым бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде, сондай-ақ Ақмола, Алматы және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында анықталған.
Бұған дейін Тоқаевтың энергетика саласы қызметкерлерін марапаттау туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланған болатын.