Алматы облысында КАМАЗ жолда әскери техниканы "құлатып алған". Сот кімді жазаға тартты

Іс ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі - Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылыс жайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзу бабы бойынша қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 15 қаңтарында сағат 13:25-те "КАМАЗ" жүк көлігін тізгіндеген жүргізуші М. тралмен әскери техниканы тасымалдаған. Алматы-Өскемен тас жолының 56-шы шақырымында бұрылу кезінде бекіткіштердің болмауынан екі көпфункционалды жеңіл броньдалған тартқыш (МТЛБ) тралдан түсіп кеткен.
Біреуі металл қоршауға соқтығысып, екіншісі, жүргізуші Т-ның басқаруындағы "Sang Yong Action" маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Салдарынан зардап шеккендер болған жоқ.
Сот отырысында М. кінәсін мойындап, өзін қатаң жазаламауды өтінді
Жәбірленуші, әскери полиция өкілі О. хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады, соттан оған заңға сәйкес жаза тағайындауды сұрады.
Жиналған дәлелдер, оның ішінде жүргізушінің кінәсін мойындауы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және басқа да материалдар негізінде сот жүргізуші М.-ны ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп таныды. Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, яғни көпбалалы әке туралы мәліметтерді ескере отырып, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес салынған айыппұлдың жалпы сомасының 30%-ынан асырмай қысқартуға болады деп санап әкімшілік жаза ретінде 55 048 теңге көлемінде айыппұл тағайындады.
Алматы облысының Қонаев қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі