Түркістан облысында вагондардың рельстен шығып кеткені үшін компанияға ірі айыппұл салынды

Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс бойынша көліктік бақылау инспекторы әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада оқиғаға "Орал вагон жөндеу кәсіпорны" АҚ (ОВЖК) жасаған вагондарды деполық жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуі себеп болғанын көрсеткен. Бұл жылжымалы құрамның қалпына келтірілмейтін күйге түсуіне әкеліп соққан. Инспектор соттан ОВЖК-ны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған.
"Түркістан облысы Түлкібас аудандық соты ОВЖК-ға қатысты үш әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарын зерделей келе, тергеу барысында 8 жүк вагонының рельстен шығып кетуіне техникалық себеп ОВЖК платформасын сапасыз депо жөндеуден өткізгені анықталғанын көрсетті", делінген сот хабарламасында.
Сот ОВЖК-ның жылжымалы құрамды, сондай-ақ темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық құралдарды күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу бойынша тиісті шараларды қабылдамағаны үшін кінәсі төмендегідей құжаттармен расталатынын нақтылады:
- процеске қатысушылардың түсініктемелері;
- ҚР Көлік министрінің м.а. бұйрығы бойынша орын алған жайтқа байланысты комиссия жүргізген тергеу актілері және ТМД, Балтық жағалауы және Грузия мемлекеттері темір жол әкімшіліктерінің қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактілерін қызметтік тергеу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарының тәртібі туралы нұсқаулық;
- ҚТЖ қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі бас аудитор өткізген кеңес хаттамалары, сондай-ақ басқа да іс материалдары.
Сот жоғарыда аталғандарды ескере отырып, АҚ-ны ӘҚБтК-нің 559-бабының 6, 7, 8-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп таныды. ОВЖК-ға 1,4 млн теңге айыппұл түріндегі әкімшілік айыппұл салынды.
Сот шешімдері заңды күшіне енді.
2024 жылы 3 қарашада Қарағанды облысында да үш жүк вагоны рельстен шығып, төтенше жағдай орын алған.