Көкшетауда университет оқытушысы алаяқтарға алданып, 7 млн теңгесінен қағылды
Сурет: Zakon.kz/Максим Золотухин
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полицияға арыз 19 ақпанда келіп түсті. Жәбірленушінің айтуынша, айдың басында оған өзін оқу орнының заңгері етіп таныстырған белгісіз адам қоңырау шалып, оның жеке ісіне күштік орган қызметкерлері қызығушылық танытып, жақын арада онымен байланысатынын айтқан. Біраз уақыттан кейін әйелге "жалған қызметкерлердің" жалпы схемасы бойынша әрекет ететін белгісіз адамдардан қоңыраулар түсе бастаған. Қаскөйлер тексеру және "қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" сылтауымен одан нұсқауларды қатаң сақтауды және бұл жайында ешкімге тіс жармауды сұраған.
"Келіп түскен ақпаратты тексермеген мұғалім екі банктен несие рәсімдеп, алтын бұйымдарын ломбардқа тапсырған. Ақшаны белгісіз шоттарға аударған. Залалдың жалпы сомасы 7,6 миллион теңгеден асты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта киберполицейлер жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізуде", делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері несие беруді немесе ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейтінін еске салады.
"Заңгерлерден", "қауіпсіздік қызметкерлерінен" немесе "қауіпсіздік қызметінен" қоңырау шалынған кезде сөйлесуді доғарып, ешбір жағдайда SMS-тен кодтарды, банк карталарының деректемелерін және жеке куәліктердің деректерін айтпаңыздар. Есіңізде болсын, егер қоңырау шалушылар әңгімені құпия ұстауды сұраса, бұл - алаяқтықтың басты белгілерінің бірі", - дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетсек, Шымкент дүкендерінде алаяқтық жасады деген күдікпен "гастролер" әйелдер ұсталған болатын.