Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

Подписание законов, назначения, назначение, Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.04.2026 21:31 Фото: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 27 сәуірде екі жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысы "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұл келісім радиациялық жағдайға қатысты деректермен алмасу, оларды талдау және болжау арқылы ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және елдер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ақпарат алмасу аясында тараптардың уәкілетті органдары:

  • мониторинг деректерін жүйелі түрде алмасуды;
  • берілетін ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етуді;
  • күтпеген жағдайлар туындап, ақпаратты беру мүмкін болмаған кезде алдын ала хабарлауды;
  • алынған ақпаратты тек осы келісім аясында пайдалануды қамтамасыз етеді.
"Сонымен қатар келісім тек мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінің деректеріне ғана қатысты болады және атом энергиясын пайдаланатын нысандардағы радиациялық бақылау деректеріне қолданылмайды. Бұдан бөлек, деректермен алмасудың бірыңғай тәртібі әзірленеді. Оны ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясы бекітеді. Бұл тәртіпте радиациялық жағдай параметрлері туралы берілетін ақпараттың тізімі, форматы, сақтау мерзімі және алмасу ережелері, сондай-ақ қатысушы елдердің уәкілетті органдарының байланыс мәліметтері қамтылады",- деліген құжатта.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы "Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұл келісімнің мақсаты – тараптардың құқықтық теңдігі негізінде таза энергетика және энергия тиімділігі саласындағы ынтымақтастықты нығайту, экологиялық таза сутек пен аммиакты өндіру және саудалау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жаңартылатын электр энергиясын мемлекеттер арасында сенімді жеткізу үшін ортақ техникалық және әкімшілік шарттарды қалыптастыру.

Бұған дейін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Израиль президенті Ицхак Герцогты салтанатты қарсы алу рәсімі өткенін жазғанбыз. Артынша екі елдің басшылары шағын құрамда келіссөз өткізді, көп ұзамай әңгіме кеңейтілген құрамда өрбіді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: