Қазақстанда нотариустардың жауапкершілігі күшейтіледі – заң жобасы қабылданды

Нотариус, нотариусы, нотариат, нотариальная контора, нотариальное лицо, печать в документ, печать в документы, подписание документа, подписание документов, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.05.2026 15:27 Фото: freepik
2026 жылғы 21 мамырда Мәжіліс депутаттары нотариат қызметіне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Заң жобасымен ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, ҚР Азаматтық процестік кодексіне және "Нотариат туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.

"Ұсынылып отырған түзетулер мынадай жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған: жеке нотариустардың қызметін алу кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту; атқарушылық жазба институтының тиімділігін, ашықтығын және құқықтық айқындығын арттыру; нотариат қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейту; нотариатты одан әрі цифрландыру арқылы қызметтердің қолжетімділігін арттыру", – деді Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов.

Енгізілетін өзгерістердің бірі мемлекеттік бақылау тетіктерін қайта қарау болады.

Мәжілісменнің айтуынша, қазіргі модель нотариаттың жария-құқықтық табиғатын толық ескермейді және әділет органдарының құқықбұзушылықтарға жедел әрекет ету мүмкіндігін шектейді.

Соның салдарынан бақылаудың тиімділігі төмендеп, азаматтардың өтініштері бойынша жедел әрекет ету қиындайды. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік бақылау тәртібін тікелей "Нотариат туралы" заң аясында бекіту ұсынылады.

"Бүгінде онлайн форматта сенімхаттар мен келісімдер куәландырылады (мүлікке билік етуге байланысты мәмілелерден басқа), сондай-ақ консультациялық көмек көрсетіледі. Пилоттық жоба аясында 800 мыңнан астам қызмет онлайн түрде көрсетілді. Бұл цифрлық сервистерге сұраныстың жоғары екенін және азаматтардың уақыт пен қаржы шығындарының едәуір қысқарғанын көрсетеді. Осыған байланысты пилоттық жобада жүзеге асырылған тетіктерді заңнамалық деңгейде бекіту жоспарланып отыр. Бұл нотариаттық әрекеттерді азаматтың жеке қатысуымен де, "электрондық үкімет" порталы арқылы да қашықтан жасауға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Байтилесов.

Ол кейбір микроқаржы ұйымдары үлгілік шарттарға кез келген нотариусқа жүгінуге мүмкіндік беретін талаптарды енгізетінін, бұл құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігін бұзатынын айтты. Сондықтан заң жобасында атқарушылық жазбаны тек борышкердің тіркелген жері бойынша жасау нормасын бекіту ұсынылады.

Бұдан бөлек, борышкердің тұрғылықты өңірі сәйкес келмеген жағдайда автоматты бұғаттау тетігін енгізу қарастырылған.

"Бүгінде көптеген азаматтар, өкінішке қарай, атқарушылық жазба туралы тек банк шоттары бұғатталғаннан кейін ғана біледі. Осы олқылықты жою үшін борышкерге атқарушылық жазбаның көшірмесін "электрондық үкімет" порталы арқылы және жеткізілгені тіркелетін SMS-хабарлама арқылы жіберу міндеті енгізіледі. Қазіргі уақытта пилоттық жоба аясында атқарушылық жазба жасалған кезде борышкерге автоматты түрде SMS-хабарлама жолданады. Бұл азаматтарды уақытылы хабардар ету көрсеткішін едәуір арттырды. Ұсынылып отырған шаралар азаматтарды хабардар етіп қана қоймай, олардың өз мүдделерін қорғау құқығын уақытылы жүзеге асыруына мүмкіндік береді", – деп қосты депутат.

Сондай-ақ атқарушылық жазбаға шағымдану тәртібі жетілдіріледі. Тәжірибеде нотариустар кей жағдайларда атқарушылық іс жүргізу басталып кеткеннен кейін де атқарушылық жазбаның күшін жойып жатады. Сондықтан заң жобасында бұл мәселені нақтылау ұсынылады: егер атқарушылық іс жүргізу қозғалып қойса немесе қарсылық белгіленген мерзімді бұзып берілсе, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартуға міндетті болады.

"Сонымен қатар нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланыстылығын болдырмау үшін қосымша шектеулер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салу көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор шарттары бойынша атқарушылық жазбаларды нотариустардың құзыретінен алып тастау ұсынылады. Бұдан бөлек, нотариустардың "Нотариат туралы" заң талаптарын, сондай-ақ жеке деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту қарастырылған", – деп түйіндеді Байтілесов.

Бұған дейін Алматыда бизнес нысандарынан шығатын зиянды қалдықтарға бақылау күшейтілгенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: