Қазақстанда қой мен ешкіні әкетуге квоталар енгізілді
Фото: primeminister.kz
"120 000 бас 4 айдан асқан еркек тоқты мөлшеріндегі тірі қойлар мен ешкілерді (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 0104) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге алты ай мерзімге сандық шектеулер (квоталар) енгізілсін",- делінген құжатта.
Квоталарды бөлу ережелері де бекітілді.
4 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетудің сандық лимиті 120 000 басты құрайды, оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін – 60 000 бас;
- тауар өндірушілер үшін – 60 000 бас.
ҚР аумағынан 4 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимит біржолғы және жиынтық мөлшерде бордақылау алаңы қуатының 30 пайызынан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – квотаның қолданылу кезеңіне 500 бастан аспайды.
Қуаттылығы 5000 бас және одан асатын бордақылау алаңдары үшін 4 айдан еркек тоқтыларды әкетуге арналған лимит квота қолданысының бүкіл кезеңіне 1500 бастан аспауға тиіс.
4 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квоталар санын бөлу "Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде жекелеген тауарлар түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес порталда тауарлардың жекелеген түрлерін экспорттауға лицензия беру кезінде автоматты түрде жүзеге асырылады.
Квота бөлу сәтінде бордақылау алаңындағы немесе тауар өндірушідегі малдың нақты саны карантиндеуге өтінім берген кезде тіркелген квотаның сұратылған көлемінен екі есе көп болады.
Бордақылау алаңдарының қуаттары туралы деректер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ақпараты бойынша қалыптастырылады.
Әкетуге жоспарланған жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда өтініш берушінің – бордақылау алаңының немесе тауар өндірушінің атына карантинге қойғанға дейінгі 3 айдан аспайтын мерзімде тіркеледі.
Эпизоотиялық зерттеп-қарау актісі Жануарларды карантиндеу қағидаларына сәйкес қол қойылған күнінен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде қолданылады.
Квота эпизоотиялық зерттеп-қарау актісінің қолданылу мерзімі ішінде жарамды және жануарларды әкету осы мерзім шегінде жүзеге асырылады.
Эпизоотиялық зерттеп-қарау актісінің қолданылу мерзімі өткен жағдайда, берілген квота автоматты түрде жарамсыз деп саналады және қайтадан қайта бөлуге және квотаның жалпы лимитіне қайтаруға жатпайды.
Бордақылау алаңы немесе тауар өндіруші берілген лицензияның қолданылуын тоқтату туралы сұраныммен портал арқылы жүгінген жағдайда, осы лицензия шеңберінде бөлінген квота автоматты түрде пайдаланылды деп есептелінеді және қайтадан қайта бөлуге және квотаның жалпы лимитіне қайтаруға жатпайды.
Бұйрық 2026 жылғы 3 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.