Ақтөбелік әйел өзін АҚШ-тың әскери офицерімін деп таныстырған алаяққа сеніп, 1 млн теңгесінен қағылды
Сурет: pexels
62 жастағы ақтөбелік әйел әлеуметтік желілердің бірінде өзін АҚШ-тың отставкадағы әскери офицері ретінде таныстырған шетелдік азаматпен танысқан. 2026 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, біраз уақыт хат алмасып, сенімге кірген ер адам әйелге жылы сөздер айтып, болашақта кездесуге уәде берген.
"Кейін ол уақытша қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, қарызға ақша сұраған. Сондай-ақ, жақын арада өз қаражатын алған соң және Қазақстанға келген кезде ақшаны толық қайтаратынын жеткізген. Оның сөзіне сенген зейнеткер бірнеше аударым арқылы алаяқтың есепшотына 1 миллион теңге жіберген. Алайда ақша қолына тигеннен кейін күдікті байланысын тоқтатып, әйел өзінің алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген", деп хабарлайды құқық қорғау органы.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция интернет-алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған парақшалар ашып, өздерін шетелдік әскери қызметкер, дәрігер, инженер немесе кәсіпкер ретінде таныстыруы мүмкін екенін, олар алдымен сенімге кіріп, кейін түрлі сылтаумен ақша сұрайтынын ескертеді.
Осыған байланысты полиция азаматтарды интернет арқылы ғана танысқан адамдарға ақша аудармауға, жеке және банк деректерін ешкімге бермеуге, күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден байланысын үзіп, полицияға хабарласу қажет.
Бұған дейін Алматыда Kizdar.net сайтының болжамды ұйымдастырушылары ұсталғанын жазғанбыз.