Жеке сот орындаушыларының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тәртібі бекітілді
Сурет: pixabay
Шартқа сәйкес, жеке сот орындаушысы сақтандыру компаниясына алдын ала сақтандыру ақысын төлейді. Егер ол жұмыс барысында кәсіби қателік жіберіп, басқа адамға немесе ұйымға материалдық зиян келтірсе, сақтандыру компаниясы сол зиянды өтеу үшін жәбірленушіге ақша төлейді.
Сақтандыру төлемін талап ету туралы өтініш сақтанушы немесе үшінші тұлға тарапынан жазбаша түрде, сақтандыру жағдайының болғанын растайтын құжаттар қоса беріле отырып ұсынылады.
Сақтанушы сақтандырушыға мына құжаттарды ұсынуы тиіс:
- сақтандыру жағдайының туындағаны туралы өтініш;
- шарттың көшірмесі;
- сақтандыру жағдайының болғанын растайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттары;
- пайда алушының жеке куәлігінің көшірмесі (жеке тұлға үшін) немесе заңды тұлға өкіліне берілген сенімхаттың түпнұсқасы;
- банк шотының реквизиттерін растайтын құжат.
Сақтандыру төлемі барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгемен жүргізіледі.
Қандай жағдайлар сақтандыру жағдайы болады?
Сақтандыру жағдайы деп ЖСО-ның атқарушылық құжаттарды орындау барысында жіберген кәсіби қателіктері салдарынан үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің туындауы танылады.
Бұл жағдай заңды күшіне енген сот шешімімен немесе үшінші тұлғаның зиянды өтеу туралы талабын сақтандырушының мойындауымен расталуы тиіс.
Кәсіби қателіктерге мыналар жатады:
- процестік құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
- атқарушылық құжат орындалғаннан, ЖСО қызметінің ақысы мен орындауға байланысты шығындар төленгеннен кейін мәжбүрлеп орындату шараларын уақытында тоқтатпау және оның салдарынан борышкерге зиян келтіру;
- атқарушылық әрекеттер жүргізіліп жатқан адамға жасалған әрекеттердің салдары туралы хабарламау және соның салдарынан оған зиян келтіру;
- атқарушылық іс жүргізу тараптарынан алынған құжаттарды жоғалту немесе бүлдіру;
- қызмет барысында белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпаратты заңсыз жария ету;
- мүлікті негізсіз алып қою және оған зақым келтіру;
- мүлікті өткізу және беру тәртібіне қойылатын талаптарды сақтамау салдарынан зиян келтіру;
- атқарушылық құжаттарды орындау барысында үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтірген өзге де әрекеттер немесе әрекетсіздік.
Сақтандыру жағдайының болғаны әділет органдары мен ЖСО палаталарының жеке сот орындаушысының қызметін бақылау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімімен расталады.
Сақтандыру жағдайының болғанын және соның салдарынан келтірілген залалды дәлелдеу міндеті сақтанушыға (пайда алушыға, сақтандырылған тұлғаға) жүктеледі.
Қандай жағдайда сақтандыру төлемінен бас тартылуы мүмкін?
Сақтандырушы сақтандыру төлемін толық немесе ішінара төлеуден бас тарта алады, егер сақтандыру жағдайы:
- сақтанушының, сақтандырылған тұлғаның және (немесе) пайда алушының сақтандыру жағдайын туындатуға немесе оның орын алуына ықпал етуге бағытталған қасақана әрекеттерінен;
- сақтанушының, сақтандырылған тұлғаның және (немесе) пайда алушының сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық деп танылған әрекеттерінен;
- үшінші тұлғалардың сақтандыру жағдайын туындатуға немесе оның орын алуына ықпал етуге бағытталған әрекеттерінен;
- сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы үшінші тұлғалардың қасақана қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық деп танылған әрекеттерінен;
- лицензияның немесе Республикалық палатадағы мүшеліктің тоқтатылған не тоқтатыла тұрған кезеңінде атқарушылық құжаттарды орындау қызметін жүзеге асырудан туындаса.
Сақтандыру төлемінен бас тартудың өзге негіздері:
- сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы көрінеу жалған мәлімет беру;
- сақтандыру жағдайынан келтірілген залалды азайту бойынша шараларды қасақана қабылдамау;
- сақтандырушының сақтандыру жағдайының мән-жайларын анықтауына және келтірілген зиян мөлшерін белгілеуіне кедергі жасау;
- сақтандыру жағдайының болғаны туралы сақтандырушыға хабарламау;
- сақтандыру жағдайына жауапты тұлғаға талап қою құқығынан бас тарту немесе бұл құқықтың сақтандырушыға өтуіне қажетті құжаттарды беруден бас тарту;
- заңнамада көзделген басқа да жағдайлар.
Бұйрық 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Бұған дейін ЖСО-ларды уақытша алмастыру қағидалары қабылданғаны туралы жазған болатынбыз.