Қазақстанда Бас прокурорға жаңа өкілеттіктер берілді

Генеральная прокуратура РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.08.2026 12:10 Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 21 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы туралы ережеге өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатқа сәйкес, Бас прокуратураның бірқатар өкілеттігі жаңа редакцияда жазылды.

Енді ведомство заңдардың қолданылуын қадағалау тәжірибесіне және елдегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізеді. Бұл ретте құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелердегі, сондай-ақ Ұлттық цифрлық инвестициялық платформадағы мәліметтерді пайдалана алады.

Сонымен қатар Бас прокуратураға қылмыстық-құқықтық салада, инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық шарттар жасасу және олардың жобаларын келісу өкілеттігі берілді.

Ведомство заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнама аясында активтердің сатып алыну көздерінің заңдылығын тексеріп, олардың заңсыз иемденілуіне және елден шығарылуына қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ активтерді қайтару мақсатында ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізеді.

Бас прокуратура Конституциялық заңда, өзге де заңдарда, Президент актілерінде және Бас прокурор белгілеген тәртіппен прокуратура актілерін енгізуге құқылы.

Сондай-ақ меншік нысанына қарамастан ұйымдардың Конституцияға, Қазақстан заңдарына, еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға және Президент актілеріне қайшы келетін актілеріне наразылық білдіре алады. Бұл өкілеттік өз құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарға, кәмелетке толмағандарға, адамдардың шектеусіз тобына, сондай-ақ инвесторлардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты жағдайларда қолданылады.

Заңдылықтың сақталуын тексеру және тиісті қорытынды алу үшін Бас прокуратура басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын тарта алады. Бұдан бөлек, ведомство өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін ғалымдарды, сарапшыларды, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды, оның ішінде шетелдік ұйымдарды да жұмылдыруға құқылы.

Жаңартылған өкілеттіктер қатарында активтерді қайтару және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты үйлестіру және жүзеге асыру да бар.

Бұдан бөлек, Бас прокуратура Конституциялық заңда, Қазақстанның өзге де заңдарында және Президент актілерінде көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асырып, тиісті міндеттерді орындайды.

Сонымен қатар Бас прокурордың өкілеттіктері де кеңейтілді.

Құжатқа сәйкес, енді Бас прокурор инвестициялық омбудсмен функцияларын жүзеге асырады, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша нормативтік актілер қабылдайды.

Бұдан бөлек, Бас прокурор:

  • прокуратура органдарының рәміздерін пайдалану тәртібін;
  • инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссияны құру тәртібін;
  • инвесторлардың жүйелі проблемаларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекітеді.

Сондай-ақ Бас прокурор Қазақстан Республикасының заңдарында және Президент актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: