Қазақстанда балаларды есепке алу және буллингтің алдын алу қағидалары өзгерді
Фото: pexels
Атап айтқанда, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды орта білім алғанға дейін есепке алуды ұйымдастыру қағидаларына түзетулер енгізілді.
Құжатқа сәйкес:
Жергілікті атқарушы органдардың білім беруді басқару органдары балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды орта білім алғанға дейін есепке алуды ұйымдастырады.
Сондай-ақ Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) мәліметтері негізінде елорда, облыс және республикалық маңызы бар қала аумағында тұратын 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың бірыңғай деректер базасы қалыптастырылады. Онда балалардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, туған күні және тұрғылықты жері көрсетіледі.
Деректер базасына мыналар енгізіледі:
- мектепке дейінгі жастағы балалар туралы мәліметтер;
- мектеп жасындағы балалар туралы мәліметтер, оның ішінде денсаулық жағдайына байланысты оқуға жатпайтын балалар туралы ақпарат;
- техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын балалар туралы мәліметтер;
- мемлекеттік емес мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалар туралы ақпарат;
- оқымайтын балалар туралы мәліметтер;
- қандас балалар туралы ақпарат;
- шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың (иммигранттардың) балалары туралы мәліметтер;
- оқумен қамтылмаған балалар туралы ақпарат;
- дәлелді себепсіз сабаққа жүйелі түрде қатыспайтын балалар туралы мәліметтер.
Сабаққа жүйелі түрде қатыспайтын балалар туралы мәліметтер елорданың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның және қала ішіндегі ауданның ішкі істер органдарымен келісіледі. Бұл ақпарат әр айдың 10-ына дейін ҰБДҚ-ға енгізіледі.
Сонымен қатар балаларға қатысты буллингтің алдын алу қағидаларына да өзгерістер енгізілді.
Құжатта мынадай іс-шаралар туралы ақпарат:
- педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру;
- білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары мен мүдделерінің сақталуын, олардың білім алуы, тәрбиеленуі және білім беру ұйымдарында қауіпсіз болуы үшін қажетті ресурстардың қамтамасыз етілуін бақылау;
- білім беру ұйымының алқалы басқару органдарының отырыстарында ата-аналар комитетінің қатысуымен білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы буллингтің алдын алу және оның профилактикасы мәселелерін қарау
білім беру ұйымының әкімшілігі тарапынан елорданың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім басқармасына жіберілетіні нақтыланды.
Сондай-ақ буллинг туралы ақпарат түскен жағдайда жергілікті атқарушы органның білім беру саласындағы бөлімі бір жұмыс күні ішінде келіп түскен ақпаратты ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес тіркеуге тиіс.
Буллингке ұшыраған баланың, сондай-ақ буллингті бастаған баланың заңды өкілдері жергілікті атқарушы органның білім беру саласындағы бөлімі қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда, оған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес шағымдана алады.
Білім беру ұйымы буллингке ұшыраған кәмелетке толмаған баланы әлеуметтік оңалту және буллингті бастаған баланы әлеуметтік бейімдеу туралы шешімді алғаннан кейін, қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетеді. Ол үшін баланы әлеуметтік оңалту және буллингті бастаған баланы әлеуметтік бейімдеу шараларын қамтитын жеке жұмыс жоспары әзірленеді.
Бұдан бөлек, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комитет балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, сондай-ақ оларды зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастан қорғау шараларын қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
Сонымен қатар террористік әрекеттерден зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдеріне де түзетулер енгізілді.
Енді балалардың құқықтарын қорғау саласындағы орган алынған мәліметтер негізінде террористік әрекеттерден зардап шеккен балалардың деректер базасын қалыптастырады. Бұл жұмыс таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жататын мәліметтерді жіктеу және олармен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Елорда, облыс, республикалық маңызы бар қала және аудан (облыстық маңызы бар қала) білім басқармалары балалардың құқықтарын қорғау саласындағы органнан алынған мәліметтерді сақтауды және жүйелеуді қамтамасыз етеді.
Террористік әрекеттерден зардап шеккен балаларға медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек тізбелері шеңберінде көрсетіледі.
Бұйрық 21 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.