Балабақша кезегіне қою қағидалары өзгерді
Фото: pexels
Қағидалар мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру үшін алты жасқа дейінгі балаларды кезекке қою, құжаттарды қабылдау және балаларды мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау тәртібін айқындайды. Бұл тәртіп ұйымдардың түріне, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан қолданылады.
Алты жасқа дейінгі балаларды балабақша кезегіне қою жөніндегі мемлекеттік қызметті республикалық маңызы бар қалалар мен астананың білім басқармалары, сондай-ақ аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері көрсетеді.
Баласын кезекке қою үшін ата-анасы немесе заңды өкілі "цифрлық үкімет" веб-порталы немесе цифрлық объектілер арқылы өтініш беріп, мемлекеттік қызмет көрсету талаптарының 9-тармағында көзделген құжаттарды қоса тіркейді.
Қызметті портал немесе ұялы байланыс құрылғысы арқылы алу үшін телефон нөмірі Қазақстанның Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек.
Балабақшадан кезектен тыс орын алуға берілген өтініштер мен оны растайтын құжаттарды қызмет көрсетуші бір жұмыс күні ішінде қарайды. Ал бірінші кезекте орын алуға берілген өтініштер мен құжаттар мемлекеттік цифрлық жүйелермен біріктіру арқылы өтініш берілген сәтте автоматты түрде өңделеді. Жалпы негізде берілген өтініштер де тапсырылған сәтте автоматты түрде өңделеді.
Қызмет көрсетуші автоматтандырылған жұмыс орнында ұсынылған құжаттардың толықтығы мен талаптарға сәйкестігін растайды. Осы растаудан кейін Бірыңғай база баланы балабақша кезегіне қою туралы өтінішті өңдеп, ата-анаға кезекке қойылған күні, уақыты және кезек нөмірі көрсетілген хабарлама жібереді.
Сонымен қатар балабақша кезегіне қою қызметі проактивті тәсілмен де көрсетіледі. Бұл қызмет алушының өтінішінсіз, қызмет көрсетушінің бастамасымен, оның және мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Ол үшін ұялы телефон нөмірі, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында көрсетілген нөмір тіркелген болуы қажет.
Проактивті қызмет көрсету мынадай кезеңдерді қамтиды:
- Проактивті қызмет көрсету аясында ата-анаға баланы балабақша кезегіне қою қызметін алу туралы сұрау салынған автоматты хабарлама жіберіледі.
- Қызмет көрсету үшін ата-ананың келісімі алынады.
Сондай-ақ қызмет нәтижесі берілгенге дейін оның және баланың дербес деректерін жинауға, өңдеуге әрі оларға қол жеткізуге келісім ұялы телефон арқылы рәсімделеді.
Қағидаларға өзгерістер немесе толықтырулар енгізілсе, білім беру саласындағы уәкілетті орган нормативтік құқықтық акт мемлекеттік тіркелгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бұл туралы "цифрлық үкімет" операторына, қызмет көрсетушілерге және Бірыңғай байланыс орталығына хабарлайды.
Балабақша кезегіне қою туралы өтініш бергенде баланың ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейінгі жасы алтыдан аспауы ескеріледі. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның тиісті ұсынымдары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға бұл талап қолданылмайды.
Бала алты жасқа толған күні кезектен автоматты түрде шығарылады. Бұл ретте психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның тиісті ұсынымдары бар мүмкіндігі шектеулі балалар кезекте қала береді.
Егер ата-ана кезектен тыс немесе бірінші кезекте берілген орыннан басқа балабақшаны таңдау үшін бас тартса, ол жалпы кезектің соңына қойылады.
Әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері басқа жерге қызметке ауысып, тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтер оларға кезектен тыс көрсетіледі. Бұл тәртіп ротацияға, қайта орналастыруға немесе басқа елді мекенге ауысуға байланысты көшкен мемлекеттік қызметшілерге де қолданылады. Конкурс арқылы лауазымға тағайындалу бұған кірмейді.
Уақытша болуға арналған бос орынға қабылданған бала бастапқы кезекке қойылған күні мен уақыты бойынша қайтадан кезекке енгізіледі.
Ата-ана берілген жолдамадан оны алған сәттен бастап бір тәуліктен кешіктірмей өз бастамасымен бас тарта алады. Егер белгіленген мерзімде балабақшаға баруға физикалық мүмкіндігі болмаса, оны растайтын құжаттарды ұсынып, жолдаманың қолданылу мерзімін бір рет қосымша 30 күнтізбелік күнге дейін ұзарта алады.
Бір жылы туған бірнеше баласын жалпы кезекке қойған ата-ана жолдама беру сәтінде бір балабақшада жеткілікті бос орын болса, олардың барлығына сол балабақшаға жолдама алады.
Бұйрық 2026 жылғы 3 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.