Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды физикалық қорғау қағидалары бекітілді
Сурет: pexels
Қағидалар радиоактивті қалдықтармен және олармен жұмыс істеу объектілерімен жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
Физикалық қорғау рұқсатсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, инженерлік және техникалық шаралардың біртұтас кешені негізінде жүзеге асырылады. Радиоактивті қалдықтар мен олармен жұмыс істеу объектілерін қорғау үшін физикалық қорғау жүйесі құрылады.
Бұл кешен тиісті ұйымдық құрылымды қалыптастыруды, ішкі құжаттар жүйесін әзірлеп, енгізуді, физикалық қорғаудың инженерлік және техникалық құралдарын орнатып, пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ рұқсатсыз әрекеттерден қорғауға арналған күзет және ден қою күштерінің болуын қамтамасыз етуді көздейді.
Физикалық қорғау жүйесі мынадай функцияларды атқарады:
- рұқсатсыз әрекеттердің алдын алу;
- рұқсатсыз әрекеттерді немесе олардың белгілерін уақтылы анықтау;
- бұзушылардың объектіге кіруін және оның аумағында жылжуын кідірту немесе баяулату;
- рұқсатсыз әрекеттерге ден қою.
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілеріндегі қалдықтардың меншікті белсенділігіне қарай физикалық қорғаудың үш деңгейі белгіленеді:
- "А" деңгейі – белсенділігі жоғары радиоактивті қалдықтарға қолданылады. Рұқсатсыз қол жеткізудің, алып қоюдың, ұрлаудың, басып алудың және диверсияның алдын алуды, сондай-ақ ықтимал диверсияның радиологиялық салдарын барынша азайтуды көздейді.
- "В" деңгейі – белсенділігі орташа радиоактивті қалдықтарға қолданылады. Рұқсатсыз қол жеткізу, алып қою, ұрлау, басып алу және диверсия жасау мүмкіндігін барынша азайтуды көздейді.
- "С" деңгейі – белсенділігі төмен радиоактивті қалдықтарға қолданылады. Рұқсатсыз қол жеткізу, алып қою және ұрлау мүмкіндігін азайтуды көздейді.
Тасымалдау кезіндегі физикалық қорғау деңгейі барлық радиоактивті қалдықтардың жиынтық белсенділігі ескеріле отырып, ең жоғары физикалық қорғау деңгейі бойынша айқындалады. Бұл талап мынадай жағдайларда қолданылады:
- радиоактивті қалдықтар бір көлік құралының ішінде жинақы орналастырылғанда;
- бірнеше автомобильмен (колонна құрамында), бірнеше вагонмен (эшелон құрамында) немесе кеменің бірнеше бөлігінде тасымалданғанда.
Физикалық қорғау жүйесін басқару мынадай шараларды қамтиды:
- радиоактивті қалдықтар орналасқан жерге және рұқсатсыз жария етілуі физикалық қорғау жүйесіне кері әсер етуі мүмкін ақпаратқа қол жеткізуді басқару. Мұндай қолжетімділік тиісті рұқсаты бар, радиоактивті қалдықтар орналасқан жерге ілесіп жүрушісіз кіре алатын персоналға ғана беріледі;
- персоналдың жеке басын сәйкестендіру және тексеру, құлыптардың болуын қамтамасыз ету, кілттерді бақылау;
- персоналдың сенімділігін тексеру;
- физикалық қорғаудың инженерлік және техникалық құралдарын бақылау, тексеру және оларға техникалық қызмет көрсету;
- физикалық қорғау персоналын даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
- физикалық қорғау жүйесі мен оның элементтерінің жұмысын сынақтан өткізу;
- радиоактивті қалдықтар мен олармен жұмыс істеу объектілерін физикалық қорғау жоспарын әзірлеу;
- радиоактивті қалдықтарды тасымалдау кезінде физикалық қорғау жоспарын әзірлеу (тиісті қызмет жүзеге асырылған жағдайда).
Радиоактивті қалдықтардың жоғалуы, оларға рұқсатсыз қол жеткізу, оларды алып қою, ұрлау, басып алу немесе диверсия жасау әрекеті не осындай оқиға тіркелген жағдайда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалар:
- жағдайды түзету үшін дереу шара қабылдайды;
- бір сағат ішінде уәкілетті органға және өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға хабарлайды;
- 72 сағат ішінде оқиғаны, оның себептерін, мән-жайы мен салдарын тергеп-тексереді;
- бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға оқиғаның себептері, мән-жайы мен салдары, сондай-ақ қабылданған немесе қабылдануы жоспарланған түзету шаралары туралы есеп ұсынады.
Бұйрық 22 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.