Шетелде қиындыққа тап болған туристер өз құқықтарын қалай қорғай алады

Эмигрант, эмигранты, эмиграция, мигрант, мигранты, миграция, иммигранты, иммигрант, иммиграция, приезжий, приезжие, переезд, аэропорт, люди в аэропорту, путешествие, репатриация, репатрианты, репатриант, кандас, кандасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.11.2026 14:58 Фото: freepik
Шетелде қиын жағдайға тап болған қазақстандық туристердің мәселесін шешудің тағы бір жолы пайда болмақ. Олардың мүддесін туроператорлармен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста, сондай-ақ сотта кәсіби қорғаушылар білдіре алады, деп жазады Zakon.kz.

Саяхат кезінде, әсіресе шетелге шыққанда, түрлі қиындық туындауы мүмкін. Қонақүйдегі мәселе, ауырып немесе жарақат алып қалған жағдайда сақтандыруға қатысты дау, елге қайтатын рейстің ұшағы келмей қалуы – турист кезігуі мүмкін жағдайлардың бір бөлігі ғана. Ал бөтен елде бұзылған құқықты қорғау оңай емес.

Кімге шағымдануға болады?

Заңда мұндай жағдайда туристердің құқықтарын қорғау тетігі қарастырылған. Атап айтқанда, ол "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" заңның 27-4-бабында белгіленген.

Егер Қазақстан азаматы шетелде демалып жүргенде алданып қалса немесе оның заңды құқықтары мен мүдделері өзге жолмен бұзылса, мынадай шаралар қабылдануы мүмкін:

  • Турист өзі немесе туристер бірлестігі арқылы Қазақстан азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі – "Туристік Қамқор" корпоративтік қорына жүгіне алады.
  • Қазақстанның мемлекеттік органдары заңнама бұзылғаны туралы деректер бойынша жүйе әкімшісіне жүгіне алады.
  • Әкімші БАҚ өтініштері мен басқа да дереккөздерден құқық бұзушылықтар туралы білген жағдайда, уәкілетті органмен келісе отырып, өзі шешім қабылдауға тиіс. Өзге дереккөздерден алынған ақпарат бойынша мұндай шешім азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда қабылданады.

Демек, мәселені шешудің жолдары бар. Алайда олар жеткіліксіз. Ең бастысы, мәселенің қаншалықты жедел әрі тиімді шешілетіні зардап шеккен туристердің өзіне емес, жауапты тұлғалардың әрекетіне байланысты. Туристер тек көмек сұрап, күтуге мәжбүр.

Біріншіден, мұндай даулар көбіне азаматтық-құқықтық сипатта болады. Туристің бөтен елде өз құқығын қорғау мүмкіндігі шектеулі болғанымен, оның атынан әрекет ететін өкілдің көмегіне жүгінуге болады.

Оның үстіне, бұл – тұтынушылық дау. Әзірге қолданыстағы, кемшіліктері аз емес "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның өзі тұтынушыға өз құқығын жеке өзі ғана емес, адвокаттар, заң консультанттары, сондай-ақ тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен олардың қауымдастықтары арқылы қорғауға мүмкіндік береді. Бұл құқық заңның 42-2-бабында көзделген.

Осы мүмкіндікті ескере отырып, "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" заңның 27-4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасын жаңа редакцияда жазу ұсынылып отыр.

Түзетуге сәйкес, туристердің құқықтары бұзылған жағдайда, аталған жүйе әкімшісіне туристердің өздері ғана емес, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен де жүгіне алады.

Бұл жағдайды қалай өзгертеді? Тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі жауапты тұлғаларға өтініш жолдаумен ғана шектелмейді. Олар мұндай өтінішке жауап беруге міндетті. Ал бірлестік клиенттің қалауы бойынша істі одан кейінгі барлық кезеңде де жүргізеді: алдымен қызмет көрсетушіге, яғни туроператорға, туроператор-фрахттаушыға немесе турагентке наразылық талабын жолдайды, кейін мемлекеттік органдармен хат алмасады, қажет болса, сотта туристің мүддесін қорғайды.

Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін шетелге шығатын туристердің құқықтарын қорғау тетігіне қосу азаматтарға қосымша мүмкіндік бермек. Олар шенеуніктердің бастама көтеруін күтіп отырмай, кәсіби заңгер-өкілдер арқылы өз құқықтарының тиімді қорғалуына ықпал ете алады. Бұл жағдайда қоғамдық бірлестіктер іс жүзінде адвокаттың рөлін атқарады.

Егер тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі туристің мүддесін қорғауға әуел бастан кіріссе, мәселені жедел шешу мүмкіндігі артады. Себебі дау сотқа жетіп, туроператор жеңілсе, оның шығыны да көбейеді: сот шығындарын да өзі өтеуге мәжбүр болады. Бұл қызмет көрсетушіні мәселені сотқа жеткізбей шешуге ынталандыруы мүмкін.

Әрине, бұл – тетік ойдағыдай жұмыс істеген жағдайда күтілетін нәтиже. Сондай-ақ аталған түзету ұсынылған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірге Құрылтайдың қарауында екенін нақтылай кетейік. Құжат әлі қабылданған жоқ және заңды күшіне енген жоқ.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: