Алматы облысында ірі көлемде есірткі сақтағандар ұсталды
Алматы облысының полиция қызметкерлері төрт күн ішінде заңсыз есірткі айналымының ірі екі партиясын әшкереледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында төрт күн ішінде есірткінің заңсыз айналымының 16 дерегін анықтаған. Оның екі дерегі тәркіленген есірткі көлеміне байланысты ірі партиялы есірткі санатына жатады екен.
Ескелді ауданының полициясы арнайы іс-шара барысында 40 жастағы тұрғынды есірткі затын сақтады деген күдікпен ұстады. Автожол бойында қолға түскен күдіктінің тұратын үйіне санкцияланған тексеру жүргізу кезінде 1 килограмнан астам "кептірілген марихуана" есірткі заты табылды. Тергеу кезінде күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкешілікке тартылғаны анықталды.
Сондай-ақ, санкциялы тексеру кезінде 45 жастағы Еңбекшіқазақ ауданы тұрғынының қорасынан жасырылған 4 килограмға жуық "марихуанна" есірткі заты табылды.
"Арнайы іс-шара барысында есірткіге қарсы күрес бойынша 16 қылмыс дерегі анықталды. Осы деректер бойынша 16 тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделуде. Сондай-ақ, екі фактінің ірі партиялы қылмыс санатына жататынын атап өту қажет. Алматы облысының тәртіп сақшылары 7 килограмға жуық есірткі тәркілеп, олардың халық арасына таралуының жолын кесті. Есірткі заттары өсімдік негіздегі марихуана, гашиш сынды есірткі заттарына жатады", - деп атап өтті ведомство өкілдері.