Мұхтар Құл-Мұхаммед дабыл қағып, Бас прокурорға хат жолдады
Таяуда Алматыда жалған дәрі-дәрмектер даярлайтын астыртын цех табылғаны белгілі. Тексере келгенде сол дәрілерге арналған қорап шығаратын баспахана мен оларды сақтайтын қойма да табылып, 100 тоннадан астам күмәнді препараттар тәркіленді.
Бүкіл ел болып халқымыздың алқымынан алған тажалмен арпалысып жатқанда мұндай сорақылықтың орын алуы қоғамның ашу-ызасын тудыруда. Сондықтан Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед дабыл қағып, еліміздің Бас прокурорына хат жолдады.
Сенат депутаты бар қазақ бір-біріне дос-бауыр ретінде көмек қолын созып жатқан қазіргі кезде халықты алдағысы келген кәсіпкерлердің іс-әрекетіне дер кезінде тосқауыл қою керектігіне назар аударған.
"Қазір әрбір дәрілік препарат пен медициналық бұйым есепке алынып, дәрігерлеріміз әрбір сырқаттың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан кезде мұндай сұмпайы кәсіпкерлердің ашкөздігі мен арамзалығы жағаны ұстатады. Олардың арам пиғылының ауқымы біздің мыңдаған отандасымыздың өміріне қауіп төндіріп, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне орасан зор нұқсан келтіре жаздады", – делінген хатта.
Сонымен қатар сенатор дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату, тарату және сақтаумен айналысатын мекемелерді, мұндай астыртын цехтың қанша уақыт жұмыс істеп, фальсификат өнімдердің қанша мөлшерін таратып үлгеру мүмкіндігін де арнайы тексеру керектігіне баса мән берген.
Шән мәнінде, қазақтың жақсысы мен жайсаңын күн сайын ортамыздан жұлып әкетіп жатқанда, әлгіндей арамзалардың әрекеттері жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Егер, әйтеуір сырқат жанның дертіне шипа болар деп сағаттап кезекте тұрып алған дәрісі алдамшы зат болып шықса, не болады? Сондықтан депутаттың жанайқайынан құзырлы органдар нәтиже шығарады деп сенеміз.