Қазақстанда 161 мың шетелдік автомобиль заңдастырылды
16 маусымдағы жағдай бойынша, 161 мың автомобиль заңдастырылды. Тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп отыр. Сонымен қатар биыл 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автомобиль-конструкторлар қазақстандық есепке қойылды. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиев 19 маусымда өткен брифингте айтты.
"Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды (ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін). Көптеген азамат көлігін заңдастыруға үлгермей қалуы мүмкін деген алаңдау бар. Осыған байланысты, биыл 1 шілдеге дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматына көрсетілген мерзімнен кейін автомобильдерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлағым келеді. Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автомобильдерге келсек, олар, кері әкету немесе оларды кейін Қазақстанның заңдастыру талаптарына сәйкес бастапқы тіркеу туралы міндеттеме шарттарын оырндаса, аталған автокөлік иелеріне көлігін Қазақстанда 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы беріледі". Алтынбек Жамалиев
Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі (МТНБ үшін мемлекеттік баж төленеді – 9 660 тг., КҚТК-4 313 тг. ал әдеттегі тіркеу үшін алым-863 тг.). Тіркеу туралы куәлікте иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз уақытша есепке алу жазбалары көрсетіледі. Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері ХҚКО сақтауға тапсырылады.
"Егер Қазақстан азаматтары аталған автомобильдерді елден тыс жерлерге әкеткісі келсе, олар Қазақстанның тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс. Содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылады. Егер автомобильдер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және Қазақстан азаматтары оларды Қазақстанда бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлей отырып, жария ету шарттары қолданылады". Алтынбек Жамалиев
Биыл 1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Одан кейін, шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданады.