Астанада су тапшылығы мәселесі шешілді ме
Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекет басшысының Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.
Қала басшысы 3-ЖЭО-ның бірінші кезегінің және жалпы қуаты 1 130 Гкал болатын екі газ жылу станциясының құрылысы туралы айтып берді. Бұл тұрғын үй құрылысының қазіргі қарқыны сақталса, 2026 жылға дейін жылу энергиясы қорын жинауға мүмкіндік береді.
"Сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Нұра жер асты суларынан жүретін арнайы құрылыстар кешенін, Тельман сорғы станциясын кеңейтуді, Қ. Сәтпаев каналынан жүретін жаңа су құбырының жобаларын және төртінші сорғы-сүзгі станциясын пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарлардың орындалуы 2035 жылға дейін қажетті қорды қамтамасыз етеді. Бүгінде қалада су тапшылығы жоқ", - делінген хабарламада.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға келсек, биыл автожолдарды салу және жөндеу Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба іске асып жатыр. Алдағы уақытта Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғастыруды бастау жоспарланып отыр, бұл сол жағалаудағы негізгі артериялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса Газмашаппаратура ауданында (Кенесары көшесінің бастапқы жағы) екі көпір салу пысықталып жатыр, олар Тұран даңғылы мен Айтматов көшесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елорда әкімі үлескерлердің мәселелерін шешу, ірі кәріз-тазарту құрылысын жобалау, LRT жобасын жүзеге асыру және басқа да бірқатар мәселені пысықтау туралы айтып берді. Премьер-министр елорданы дамыту мәселелерін шешу үкімет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
"Президент атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажет шараларды іске асыруды жалғастыру керек. Атап айтқанда, елорда әкімдігі бөлінген қаржыландыруды пайдалана отырып, барлық инфрақұрылымдық жобада, оның ішінде үлескерлері бар проблемалық құрылыс нысандарында құрылыс-монтаждаудың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс", — деді Әлихан Смайылов.